Аятолла Әли Хаменеи және әскербасылар қаза тапқан Израиль мен Американың Иранға шабуылына орай Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтты.
Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың атынан таратылған мәлімдемеде айтылған.
«Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз,» — деп атап көрсетілген мәлімдемеде.
Иран басшылығына бағытталмаған мәлімдемеде Тегеранның Таяу Шығыстағы әрекеті жанама түрде сыналған. «Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дәйекті түрде дамытып келе жатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіреді. Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты ерекше қорғауды талап етеді. Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы ұсынушылардың бірі ретінде қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңызын атап өтеді», — делінген ресми хабарламада.
Мәлімдемеде Қазақстанның халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу жөніндегі өз ұстанымын өзгертпейтіні, өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында барлық тараптарды барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақыратыны айтылған.
Қазақстан Иран халқына көңіл айтқан осы мәлімдемені жариялар қарсаңда Иранның Астанадағы елшісі Әли Акбар Джоукар брифинг өткізген. Елші сонда Қазақстанды «дос әрі бауырлас ел» деп атаған. Бірақ Қазақстан басшылығының Иранға көңіл айтпауын өзінше болжаған пікірін білдірген. Дипломат соғыс әрекеті басталған күн демалысқа сәйкес келгендіктен, Қазақстан билігі көңіл айтуға мүмкіндік таппаған шығар деген сарында жауап берген болатын.
28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға қарсы ауқымды әскери операцияларды бастаған. Алғашқы соққының бірі Иран басшыларының Тегерандағы резиденциясына бағытталған. Соққы салдарынан Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеиге қоса 40 шамалы әскербасы қаза тапқан. Иран осы шабуылдарға жауап ретінде Американың Таяу Шығыстағы әскери базасы орналасқан араб елдеріндегі нысандарды атқылаған. Алайда соғыс әрекеті кезінде зымырандар мен дрондар әскери емес ғимараттарға да құлаған. Салдарынан екі жақтан да қаза тапқандар бар. Оның ішінде бейбіт тұрғындар да құрбан болды. Әскери іс-қимыл әлі жалғасып жатыр.







