АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израиль Иранның әскери және саяси инфрақұрылымына соққы жасағаннан кейін Иранның жаңа басшылығы келіссөздер жүргізуді ұсынғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан әскери операция барысында басқа да бірқатар жоғары лауазымды әскери басшылардың көзі жойылған.
— Олар келіссөз жүргізгісі келеді, мен бұған келістім, — деді Трамп The Atlantic журналына берген сұхбатында.
Ол Иран мұндай қадамға бұған дейін де бара алар еді деп атап өтті. Трамп келіссөздердің нақты қашан басталатынын нақтыламады, бірақ алдыңғы келіссөздерге қатысы бар кейбір ирандық ресми тұлғалардың соққылар кезінде қаза тапқанын айтты.
— Бұл адамдардың көпшілігі қаза болды. Олар бұған дейін келісімге келуі керек еді. Мәміле жасай алар еді. Алайда олар айламен ұтамыз деп ойлады, — дейді Трамп.
Ол АҚШ әрекеттері қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықты қорғауға бағытталғанын баса айтты. Операциялар нәтижесінде Иранның 48 жетекшісі қаза тапқан және америкалық әскерилердің әрекеті «жоспардан озық» жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Бұған дейін Трамп Иранға қарсы әскери операция қойылған міндеттер толық орындалғанға дейін жалғасатынын мәлімдеген болатын.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранның әскери нысандары мен әскери адамдар жиналған тұсқа әуеден соққы жасады. Иран оған жауап ретінде Парсы шығанағындағы АҚШ-тың әскери базалары орналасқан 8 араб елінің аумағын атқылады. Әуе соққысы кезінде Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаны белгілі болды — оның резиденциясына 30 бомба тасталған. Иран дереккөздерінің мәліметінше, соққылар салдарынан елде 200-ден астам адам қаза тауып, 700-ден астамы жараланған. Шабуылдар Иранның 14 провинциясын қамтыды.







