Астана қаласының полиция департаменті Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандарының зақымдалуына қолдау білдіргендердің «теріс сипаттағы мәлімдемелерін» сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Бұл жөнінде парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның депутаттық сауалына берген жауабында елдің бас прокуроры Берік Асылов атап көрсеткен.
«Сіздің 2025 жылғы 18 желтоқсандағы депутаттық сауалыңызға жауап ретінде хабарлаймыз: 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласының полиция департаменті азаматтардың Каспий құбыр консорциумының зақымдалуына қатысты теріс сипаттағы пікір білдіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі (ұлтаралық араздық қоздыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оның барысында аталған адамдарды анықтау және олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар жинау жөнінде шаралар қабылданып жатыр, оның нәтижелері бойынша олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға беріліп, процестік шешім қабылданады», — делінген бас прокурордың жауабында.
Бас прокурор осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат пен өзге де заңға қайшы материалдар таратуға жол берілмейтіні ескертілген баспасөз хабарламасын жариялағанын, ондай әрекеттер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік барын түсіндіргенін хабарлаған.
17 желтоқсан күні мәжіліс отырысында депутат Айдос Сарым бас прокуратура мен мәдениет және ақпарат министрлігінен Каспий мұнай құбыры нысанарында Украина жасаған шабуылды қолдаған азаматтардың жазбаларын тексеруді сұраған. Ол Қазақстан үшін аса маңызды инфрақұрылым нысанына шабуылды әлеуметтік желіде «ашық қолдайтын және құптайтын жазбалар жарияланып» жатқанын, олар «ұлт мүддесіне соққы боп тиетінін» айтып, құзырлы органдарға тексерісті «терроризмді насихаттау» және «мемлекетке опасыздық жасау» баптары аясында саралауды ұсынған.






