Мәскеуде автокөлікте болған жарылыс салдарынан Ресей қарулы күштері бас штабының жедел дайындық басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров қаза тапты. Бұл туралы Ресейдің тергеу комитеті хабарлады.
Ясеневая көшесіндегі көлік жарылысына қолдан жасалған жарылғыш құрылғы себеп болған деген алдын ала болжам бар деп жазды құқық қорғау құрылымдарына жақын Shot телеграм-арнасы. Долбарлардың біріне сәйкес, Kia Sorento жеңіл көлігі орнынан қозғалғаннан кейін бірнеше секунд өткенде жарылғыш құрылғы іске қосылған. Baza дерегінше, көлік тұрған орнынан бірнеше метр жылжып үлгерген. Жарылыс салдарынан сол маңайда тұрған кемінде жеті автокөлікке зақым келген.
Азаттықтың хабарлауынша, 56 жастағы Фанил Сарваров 1990-жылдары және 2000-жылдардың басында осетин-ингуш жанжалына, сондай-ақ Шешенстандағы соғысқа қатысқан. 2015-2016 жылдары Ресей әскерінің Сириядағы операцияларына қатысқан. «Проект» басылымының деректеріне сәйкес, Сарваров Украинаға қарсы соғысқа да қатысқан.
Автокөліктегі жарылыс бойынша қоғамға қауіп төндіретін тәсілмен жасалған кісі өлтіру және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы туралы баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды.





