12 желтоқсанда Иран президенті Мәсуд Пезешкианның Астанаға ресми сапарында Қазақстан және Иран басшыларының назарына Иран сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан алынған 27 қолжазбаның көшірмесі ұсынылып, Қазақстанда екі елдің қатысуымен Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы айтылды.
Ресми мәліметтерге қарағанда, XVIII-XIX ғасырларда қазақ даласында болған қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты құнды деректер екі ел басшыларына алғаш рет көрсетіліп отыр.
Қазақстан басшысы қазақ тарихына қатысты деректермен бөліскені үшін Масуд Пезешкианға алғыс айтты.
— Бұл — өте құнды сыйлық. Біз міндетті түрде қазақ қауымына бұл көрмені көрсетеміз, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен дәріптейміз. Бұрын білмеген тарихи деректер бар екен. Қазақ халқына пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
— Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз деп санайды екен. Олардың арасында астана, пайда, дәулет, дәрі, дәрмек, ораза және тағы басқа сөздер бар. Бүгінде Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының Горган, Бәндар Түркімен және Күмбед қалаларында 5 мыңнан астам қазақ тұрады. Фирдоусидің «Шахнамасы» мен оның кейіпкерлері Тұран халықтарына да жақын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Фирдоуси, Хафез, Сағди сияқты парсы шайырларының шығармаларымен таныс болған, — деді Қазақстан президенті.
Президент Тоқаев Иран делегациясы әкелген көне қолжазбалардың көшірмелері 18 ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне арналғанын айтты.
— Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын, бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызық деректер бар. Сізге көп рақмет, президент мырза, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан және Иран басшылары кездесуінің соңынан өткізген баспасөз мәслихатында президент Тоқаев былай деп қосқан.
— Осы ретте мен Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігіне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырдым. Сондай-ақ біз Иран тарабымен бірлесе отырып, қазақ жерінде ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылдадық. Бұған қоса бүгін білім және ғылым саласындағы ықпалдастықты күшейту жолдары талқыланды. Екі елдің медицина қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру және жетістіктерімізбен бөлісу мәселелерін ойластыратын болады, — дейді Қазақстан басшысы.
Иран президенті Мәсуд Пезешкиан 11-12 желтоқсанда Қазақстанға ресми сапармен келіп кетті. Бұл — оның президент ретіндегі Астанаға алғашқы сапары.






