Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс аяқталды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады.
Конкурстың президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 11 тамыздағы бастамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылғаны айтылады. Сол конкурс 2025 жылдың 25 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында eGov Mobile платформасында өткен.
Конкурс комиссиясының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған «Балқаш» атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды делінеді. Конкурсқа барлығы 27 мың 157 азама қатысқан. Әр қатысушыда бір ғана атау ұсыну мүмкіндігі болған.
2025 жылғы 5 қыркүйекте құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірген конкурс комиссиясы құрылған еді.
Түскен барлық өтінімнен 10 мың 460 бірегей нұсқа анықталды. Өңдеу барысында кириллица, латын әрпі және мағыналас сөздер сияқты жазудың түрлі формалары да ескерілген.
Конкурс комиссиясының отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш» атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынды және ол танымалдығы бойынша қорытынды рейтингте бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы атанды.
Сонымен бірге конкурс комиссиясы нысанның орыс және ағылшын тілдеріндегі атауларын анықтады:
- «Атомная электростанция «Балхаш»»;
- «Balkhash Nuclear Power Plant».
«Балқаш» нұсқасын ұсынған 882 қатысушы бір ай ішінде eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы автордың электрондық сертификатын алатыны аталып өтті.
АЭС атауына қатысты ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан сағат 23:59–да аяқталып, соның нәтижесі енді жарияланып отыр.
Қазақстанда АЭС құрылысы үшін 2024 жылы 6 қазанда рефрендум өткізілгені белгілі. Онда дауыс бергендердің 71 пайыздан астамы құрылысты қолдады деп жарияланды. Алайда сол кезде дауыс берушілерге, жалпы қоғамға Қазақстанда неше АЭС салынатыны айтылмаған. Кейін елде 3 бірдей АЭС салынатыны белгілі болды. Оның алғашқысына Ресей қатысса, екіншісінің құрылысына Қытай компаниясының ат салысатыны айтылады. «Балқаш» атауын иеленген алғашқы АЭС-тің орны ретінде шамамен Балқаш көлінің жағасындағы совет кезінде ГЭС салынады деген тұсы белгіленген болатын.






