Белгілі қаламгер, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, режиссер-сценарист, медиаменеджер Ғалым Доскен 66 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ғалым Төлембекұлы — Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға.
Ол «Ұлан» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырды.
Соның ішінде «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді.
Режиссер әрі сценарист ретінде «Киелі жерлер», «Жоғалған жарық хроникасы» секілді деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттады. Соңғы жұмыстарының бірі ретінде Ахмет Байтұрсынов туралы «Соңғы үкім» фильміне сценарий жазып, кинотуындыға продюсерлік қылғанын айтуға болады.







