Алатаудың етегінен ұшаққа мініп, Альпі тауының етегіне 8 сағаттан соң қона салдық. Алматы-Милан қалаларына аптасына үш мәрте ұшақтың тікелей ұшатыны Қазақстан мен Италия қарым-қатынасының дұрыс жолға қойылғанын аңғартады. Италияда білім алып жүрген қазақ жастары көп. Италияның Eni компаниясы Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы консорциумда жұмыс істейді, қазақ мұнайы экспортының 35 пайыздайы Италияға шығады. Италия жайында бұрын-соңды естіп білген ресми ақпарат осы ғана. Енді міне, құдай сәтін салып, шаңғы мен зіл-батпан шаңғы бәтіңкесін арқалап келіп тұрмыз.
Милан әуежайынан теміржол вокзалына бару үшін автобусқа отырдық. Теміржол қала ортасында.
Таңғы сағат 6-да жүрісін жаңа бастаған автобусқа жайғасып, жан жағыма қарасам, өзіміз түскен ұшақтың жарты жолаушысы осында отыр. Қасымдағы орындарға жайғасқан Атыраудың қыздары Миланнан Алматыға тауар, сән киімдерін апарып сатады екен, Милан көшелерін таныстырып отырды. Соңғы аялдама теміржол станциясынан түсіп, вокзалдың алдына шыққан едік, ауызым ашылып қалды. Ашылғанда да ішімде қызғаныш оты тұтанып кеткендей болды. Себебі, Милан вокзалының алдында қып-қызыл алманың алып мүсіні тұрды. Құдай-ай, дәл осындай алманың алып кескіні Алматыда тұруы заңдылық әрі әділеттілік емес пе деп қалдым.
Милан Италиядағы бизнесі, өнеркәсібі өрге тартқан, логистикаға өте қолайлы, мода қуған сәнқойлардың отанына айналған, орталықтағы ескі көшелерінде әр тілде сөйлеген туристер мен қалта тонаушыларға толы, бай мен кедей, көне мен жаңаның мың қиғаш штрихта басын қосқан қала екені бірден көзге түседі.
Бір күн бойы қаланың сән-салтанатты жерлерін аралап шығып, Туринге тарттық. Милан мен Турин арасы 150 шақырымдай екен. Вагондарының іші жап-жаңа жеңіл көліктің салонындай жайлы пойызға отырған едік, көз іліп те үлгермедік, 45 минутта әкеліп тастады.
Түсе сала Бардонеккьяға жету үшін пойыз ауыстырып мінбек болып, шеткі жолға шықтық. Осы жерде әлем өзгеріп кетіп, ертегі басталғандай болды.
Алдымызда ескі киноларда көретін вагондар тіріліп келгендей сықиып тұрды. Яғни, біз мініп-түсіп жүрген қазіргі вагондардың жеті атасы, арғы бабасы тұрды. Алғашқыда макет пе дедік?
Көк туымызға түстес күртешеге «Қазақстан» жазуын бастырып, біркелкі киініп алған бізді яғни, қазақ журналистерін көрген жолсеріктер ескі вагонға қошеметтеп отырғызды. Сөйтсек, шаңғыға әуес журналистердің 70-ші мәрте өтейін деп жатқан бейресми әлем чемпионатына қолдау көрсеткен Италия мемлекеттік темір жол компаниясы яғни, Treni Turistici Italiani әлемнің 24 елінен келген 130-шақты журналисті осылайша тарихи жәдігерге айналған вагондармен тасу арқылы елдің өткені мен бүгініне көз жүгіртуді ойлапты.
Жүз жылдай бұрын қолданыста болған вагон расымен де өзгеше әсер береді екен. Отырып, тұрғанға, жүк қойғанға қолайсыздығы да бар, бірақ, қызық. Әр орындықтың қасында сыртқа шығып кететін есігі бар.

Поезд орнынан қозғалып, Бардонеккьяны бетке алғанда қызық қыза түсті. Әріптесім Сұңқар Қарабалин Алматыдан түлкі тұмағын ала келген екен, көздің жауын алып киіп алды. Италияның өткен ғасырдағы вагонында сол заманда-ақ ата-бабамыз емін-еркін серуендеп, ел аралап жүргендей әсер берді.
«SCIJ Қазақстан» клубының команда капитаны Анастасия Наумецкаяның шетке шықса, ауылдағы әжем сияқты, базарлық арқалап жүретін әдеті бар. Онысын шетелдік әріптестеріміз жақсы біледі. Анастасияның базарлығын іздеушілер мен түлкі тымақтағы Сұңқармен селфиге түскісі келетіндердің қатары көбейіп, біз отырған вагон базарға айналып кетті. Көп ұзамай Италия телеарналары бірінен соң бірі қазақтарды іздеп келе бастады.
Оған себеп те бар, былтыр Қазақстан командасы Шымбұлақта өткен SCIJ чемпионатында жүлделі орыннан көрінген. Сол нәтиже кездейсоқтық болды ма деген заңды сұрақ.
Былтырғы чемпионатта шаңғымен жүгіруден бірінші, слалом гиганттан екінші орын алған әріптесім Егор Ильин «Италияға тек алтын медаль үшін келдім» деп қысқа қайырды.
Ал «SCIJ Қазақстан» клубының президенті Сраил Смайл SCIJ Қазақстан командасы 70 жылдық тарихы бар, 35-тей мемлекеттің 3 мың журналисі мүшелікке өткен халықаралық SCIJ клубына 10 жыл бұрын ғана мүшелікке өткенін, ол кездері үш-төрт тілшінің шаңғы тепкенін, бүгінде «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» тау курорттарының қолдауының арқасында 40 шақты журналистің тұрақты түрде шаңғы теуіп, ішкі бәске артқанын, сол себепті соңғы жетістіктер кездейсоқ еместігін айтып өтті. Қысқасы, жарысты ұйымдастырушылар мен жарысқа қатысушылар «SCIJ Қазақстан» клубын әу бастан назарға алғаны бірден білінді.
Бардонеккья шаңғы курортының тамаша табиғатын суреттеп жазу қиын. Альпі тауының әр сілемі тек шаңғы тебу үшін жаралғандай көрінеді. Шаңғы жолының ұзындығын өлшеу мүмкін еместей. Әр жота мен әр сайда үзілмейтін шаңғы жолы сайрап жатыр. Таңнан кешке дейін тоқтамай тепсең де, шаңғы жолының бәрін түгендеп, шарлап өте алмайды екенсің.
Оның үстіне Бардонеккья тау курортында біз келерден бір апта бұрын Қысқы Универсиада, біз кетерден кейін (26 қаңтар мен 2 ақпан аралығында болдық) тау шаңғы спорт түрлерінен Еуропа-2025 кубогі өткенін ескерсек, бұл жердің бәсі арта түседі.
Бірақ, бір таңқаларлығы бәрі керемет болып тұрса да бұл жердің де өзіндік проблемасы бар екен. Ол — турист тарту. SCIJ клубы журналистерімен арнайы кездесу өткізген Turismo Torino департаменті өкілдерінің бірінші айтқан сөзі осы болды.
Қызық, 1 миллионға жуық тұрғыны бар Туриннің өзі туристік қала. Қала ішіндегі тарихи мұражайларды аралап шығуға 3-4 күннің өзі аздық етеді. Египет музейі мен Кино мұражайының өзі неге тұрады? Небәрі 150 шақырымда яғни, пойызбен 45 минутта жетіп келетін жерде сәулеті мен дәулеті тасыған, ішкі-сыртқы тұрғыны 7 миллионға жететін, көшесі, қонақ үйі, кофе-мейрамханасы қысы-жазы миллиондаған туристен босамайтын Милан қаласы тұрғанда, тау шаңғы курортында мысқылдай мін жоқта турист тарту қалай үлкен проблема? Сөйтсек, Turismo Torino департаменті өкілдерінің айтуынша, бұл расымен үлкен проблема екен. Өйткені Альпі тауының баурайында тау шаңғы курорттары өте көп. Және ара-қашықтықтары бір біріне жақын. Мәселен, Альпінің арғы бетінде Австралия тау курорттары қаптап тұр. Бір жағында Францияның тау курорттары менмұндалайды. Яғни, жергілікті тұрғын мен туристке таңдау көп. Қай жердің бағасы арзан деп қарайды. Немесе нендей жаңа қызметі бар дейді. Осыдан келіп, бәсеке көп. Жүз жыл бұрын теміржолды тоздырған ескі вагондардың туристер үшін «тіріліп» келіп жолға шыққаны да сол бәсекенің арқасы.
Бұл ретте Турин туризм департаменті өкілдерінің журналистермен өткізген кездесуі мазмұнды болды.
SCIJ халықаралық ұйымының бас мақсаты шаңғы тебу емес. Әлемнің әр мемлекетіндегі журналистердің басын қосып, бүгінгі журналистика саласындағы проблеманы шешу жолдарын қарастыру.
Бұл тақырыпта бірнеше талқы өтті. АҚШ журналистерінің Дональд Трамптың билікке қайта келуі АҚШ-тағы сөз бостандығына қауіп төніп, цензураның күшейіп кетеріне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, қақтығыс аймақтарында қызмет атқарып жүрген журналистерге қолдау білдіру мәселесі көтерілді.

Ал жарыс мәселесіне келсек, команда президенті мен капитаны айтқан меже орындалды.
«SCIJ Қазақстан» командасы жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Бұл енді, біз үшін тарихи жеңіс. Өйткені, Қазақстан журналистері алғаш рет бірінші орынға қол жеткізді. Жеңімпаздарды атап айтсақ, жүгіру шаңғысынан әр жас категориясында үш алтын (Сұңқар Қарабалин, Егор Ильин, Татьяна Николаева), бір күміс (Наталья Качалова) медаль алдық. Ал гигант слаломнан Егор Ильин қола медаль иеленді.
Ал сан жылдан бері бірінші орыннан түспей келе жатқан, 2025 жылғы осы жарысты ұйымдастырушы «SCIJ Италия» өз жерінде командалық есепте екінші орын алды.
Марапаттау кезінде SCIJ Италия командасының капитаны, сан жылдан бері жүлделі орыннан түспейтін Луиджи Брессиароли SCIJ Қазақстан «dream team» яғни, «армандағы команда» деп бағалады.







